08 Қараша, 2017

ХХVІ чемпионат: жетістіктер  жалғасы

256 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстанның ХХVI біріншілігі де өз мәресіне жетті. Биылғы чемпионат көп өзгерістерге толы болды. «Ордабасы» тарихында тұңғыш рет қола жүлдегер атанды. 2017 жылы чемпионаттың форматы өзгеріп, командалар бұрынғымен салыстырғанда бір матч артық ойнады. «Қайрат» биыл да «Астанадан» асырып көп гол соққанмен, тағы да чемпиондықты елордалықтарға беріп қойды. Міне, осындай қызыққа, тартысқа толы тағы бір чемпио­нат артта қалды. 

«Астана» өткен жылы қатарынан үш жыл чемпион атанып, «Ақтөбенің» рекордын қайталаған еді, биыл қатарынан төртінші мәрте чемпион атанып, ел біріншілігінде жаңа рекорд орнатты. Енді чемпиондық тәжге тағы да қолы жетсе, ең көп чемпион атанған «Ертіс» пен «Ақтөбенің» тарихи жетістігін қайталамақ.

ХХVІ чемпионат: жетістіктер  жалғасы

Жаңа рекорд орнатқан «Астана»

Футбол сарапшыларынан сұрасаңыз, «Қайраттың» құрамы мықты болғанмен, «Астананың» бапкері еліміздегі ең мықты менеджер екенін алға тартады. Расымен, болгариялық Станимир Стойлов темірдей тәртіпті бірінші орынға қоятын, кез келген ойыншыны сабасына түсіре алатын, командадағы барлық жағдайды бақылауында ұстайтын, баспасөз мәслихатында артық сөз айтпайтын өте байсалды, терең, сұңғыла бапкер. Биыл «Астананың» бірде-бір ойыншысы алаңнан қуылмаған. Бұл темірдей тәртіптің пайдасы. Ал қыркүйекте Конго ұлттық құрамасы сапында ойнап, Астанаға Африкадан Түркия арқылы ұшып келіп, алдағы матчтарға қатысуға шамасы жоқ екенін айтқан Джуниор Кабананганы қалай орнына қойғанын «Астана» жанкүйерлері жақсы біледі. Кабананганың қиғылыққа салуы басқа ойыншыларға үлкен сабақ болды. Премьер-лигадағы ең үздік шабуылшылардың бірі бірнеше матч резервтегі ойыншылармен доп теуіп, Еуропадағы маңызды матчтардың біріне қатыспауға мәжбүр болды. Көп ұзамай бас бапкерден кешірім сұрап, Стойловтың алдында кішірейді. 

«Астананың» рекорды туралы басында сөз қозғадық. Бұл маусымда бірде-бір ойыншысы алаңнан қуылмағаны туралы айттық. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Астана» командасының осы маусымда 74 гол соғуы. Елордалық команда бұған дейін 3 рет чемпион болса да, бұрын-соңды осыншама гол соғып көрген жоқ. Тіпті, Еурокубоктағы ойындарда да «Астананың» биылғы гол соғу көрсеткіші анағұрлым артты. Себебі Кабананга мен Твумаси, бірі ішкі біріншілікте (Кабананга), бірі Еурокубок ойындарында (Твумаси) нағыз дүлдүлге айналды. Егер, «Астананың» шабуылдағы көшбасшылары осы қарқынын жоғалтпайтын болса, қазақстандық команда тарихында тұңғыш рет УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде доп тебетін кереметтей мүмкіндігі бар. 

Айтпақшы, Патрик Твумаси биыл алғаш рет Гана ұлттық құрамасына шақырылып, дебютті матчын өткізіп қайтты. Гана – Африкадағы ең таңдаулы ұлттық құрама екенін ескеретін болсақ, Твумасидің командаға шақырылуы «Астанада» босқа жүрмегендігінің көрсеткіші. 

Бір-ақ рет жеңілген «Қайрат»

«Қайрат» биыл орта жолда бапкер ауыстырды. Өткен маусымда «Қайрат» басшылығының көңілінен шыққан грузин маманы Кахабер Цхададзе жаздың ортасында командадан кетті. Бұл алматылықтар тарапынан қабылданған өте дұрыс шешім болды. Өйткені команда тізгінін ұстаған испаниялық Карлос Феррер 13 ойынның 12-сін жеңіп, оған қоса Қазақстан кубогына ие болды. Тек 29-турда Павлодарда «Ертіспен» тең түсіп, ұпай жоғалтқаны болмаса, испан маманы «Қайраттағы» карьерасын мінсіз бастады. Карлос Феррер келгелі Исаэл Барбоза қайта түледі, Аршавиннің лидерлік қасиеті қайта оянды, жарақатынан енді ғана айыққан Станислав Лунин өте жоғары деңгейде ойнай бастады. Айбол Әбікеннің «Астанаға» қарсы бенефисін айтпай өтуге тағы болмайды. Чума Анене гол соғу, пасқа ойнау жағынан дес бермейтін ойыншыға айналды. Міне, алматылықтар жаңа бапкердің келуімен тек позитивке толы жағдайды көріп жатыр. «Қайрат» жанкүйерлері биыл чемпиондық үшін кімді кінәлау керек екенін де жақсы біледі. Тіпті, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде Кахабер Цхададзе ештеңе істей алмағаны да көптің есінде. 

«Қайрат» чемпиондықты беріп қойса да, «Астанаға» жекелеген кездесуде есе­сін жіберген жоқ. Биыл «Қайрат» пен «Ас­тана» төрт мәрте кездесті. Ең алғаш Қазақ­стан суперкубогында алматылықтар басым түсті, сосын ҚПЛ аясында үш рет кез­десіп, екеуінде жеңіске жетіп, бірінде тең түсті. «Астана» үш ойында бір ғана гол соқ­са, «Қайрат» алты гол соғып үстемдік етті. 

«Қайрат» тағы да Қазақстан кубогын жеңіп алды. Осымен 8 мәрте. Мұндай көрсеткіш басқа ешбір командада жоқ. Алайда, «Қайрат» жанкүйерлерінің күткені басқа. Олардың «Қайраттың» ел чемпионы атанғанын асыға күтіп жүр­геніне 13 жыл болды. Дәл қазір алма­ты­лық клубта барлық жағдай жасалған. Ең жоғары жалақы «Қайрат» ойыншыларында, алматылықтардың жаттығу базасын дортмундтық «Боруссиямен» салыс­тыратындар бар. Оған қоса, Алматының ауа райы жыл он екі ай доп тебуге өте қолайлы. Енді тек чемпиондық же­тіс­пейді. 

Тарихи жетістік, алғашқы қола!

«Ордабасы» командасы маусым ба­сын­да кіл тәжірибелі ойыншыларды жинап алғанда «Шалдармен» қайда барады дейсің», деп мұрын шүйіргендер көп болды. Бірақ тәжірибенің аты расымен де тәжірибе екен. Шымкенттіктер тарихында тұңғыш рет ҚПЛ-дың қола жүлдегері атанды. «Астананы» осы маусымда екі рет ұтқан «Қайраттан» кейінгі жал­ғыз команда. Гол соғу көрсеткіші бойын­ша да «Астана» мен «Қайратты» ға­на ал­дына салады. Төрт ай жалақысын ала ал­май жүрсе де кәсібилік танытып, ақтық демі қалғанша үшінші орын үшін таласты. 

«Ордабасы» – 2014, 2015, 2016 жылдары қатарынан төртінші орын алды. Былтыр «Ертістен» бір ғана ұпай кем жинап, қола жүлдеге әудем жер қалғанда үміті үзілген еді. Ақыры дегеніне жетті. Биыл төртінші орын алған, қола жүлде үшін үнемі жолын орап кетіп жүрген «Ертістен» 10 ұпай артық жинады. 

Осылайша «Егемен Қазақстан» газеті ХХVІ Қазақстан премьер-лигасын қорытындылап, газет тұжырымы бойынша осы маусымның  үздік командасын анықтады

Дмитрий Непогодов («Тобыл», қақпашы). Биыл «Астана» сапында Александр Мокин маусымды өте жоғары деңгейде бастағанмен, шешуші сәтті Ненад Эрич алаңдағы орнын қайтарып алды. «Қайратта» да жарты маусым Плотников, жарты маусым Покатилов қақпада тұрды. «Ордабасыда» Бекбаев пен Нұрмұхаметов кезек-кезек алмасты. Ал «Тобылдың» қақпашысы Дмитрий Не­погодов 33 матч бойы өзі тұрды. Небәрі 26 гол жіберді. «Тобыл» гол жіберу бойынша тек ел чемпионы «Астанаға» (21) ғана есе жіберді. Егер «Тобылда» «Астана» мен «Қайраттағыдай» қорғаныс болса, Не­по­годовтың көрсеткіші бұдан да мықты болар еді...

Дмитрий Шомко («Астана», сол қанаттағы қорғаушы). Таңдаулы 11 ойын­шының қатарына Шомконы қоспау мүмкін емес. Эрич жоқта капитан болды, биыл «Астана» сапында ең көп матч өткіз­ген де осы Дмитрий Шомко. УЕФА Еуро­па лигасының III турындағы үздік коман­даның құрамына енді. Дмитрий Шомко – «Астана» сапында жыл сайын өзін дамытып, тәжірибе жинап келе жатқан ойыншы. Қорғаныс пен шабуылдың арасын оңай жалғайтын фулбек.

Сесар Арсо («Қайрат», орталық қорғаушы). Испаниялық қорғаушы Ка­хабер Цхададзенің тұсында да жақ­сы ойнайтын. Алайда отандасы Кар­лос Феррер алматылық клубтың тізгі­нін ұстағаннан бастап түлеп сала берді. «Вильярреал» түлегі қазір Фер­рер үшін «Қайраттағы» теңдессіз қор­ғау­шы. 
Майкл Одибе («Ақжайық», орталық қорғаушы). Алысқа бар­май-ақ, соңғы турдағы «Астана» – «Ақ­­жайық» арасын­дағы матчты алайық­шы. Жарақат алған­ға дейін «Ас­та­наның» көп шабуылын Одибе жалғыз жүріп тоқтатты. Ниге­рия­лық қорғаушы тек бұл матчта ғана емес, барлық матчта жанын салып ойнай­ды. Келер апта «Ақжайық» үшін «Мақта­аралмен» жауапты матч бар. Оған дейін Одибе дайын болмаса, «Ақжайықтың» жағдайы қиын болады. Егер «Ақжайық» жоғары лигадағы орнын сақтап қала алмайтын болса, Одибені «Қайрат», «Астана», «Ордабасы», «Ертіс» секілді командалар қатарына қосып алуы мүмкін. 

Гафуржан Сүйімбаев («Қайрат», оң қанаттағы қорғаушы). Жалпы Сүйімбаев пен Шомконың алаңдағы міндеті бір. Г.Сүйімбаев «Қайратта» сол қанатта ойнайды. Бірақ Сүйімбаевтың бір ерекшелігі – екі қапталды да жатсынбайды, екі аяғы бірдей жұмыс істейді. Қорғаныс та, шабуыл да Сүйімбаев үшін бөтен емес. «Қайраттың» сапында деңгейі жоғары бес ойыншы болса, соның бірі Сүйімбаев. Ұлттық құрамаға да жиі шақырылады. «Қайраттың» сапында биыл ең көп матч өткізген осы қорғаушы. Қазақтың Дани Алвесі. Голды да өндіріп соғады, нәтижелі пасты да аямай береді. 
Иван Маевский («Астана», жартылай қорғаушы). Қорғана да, бірінші боп  пас та шығара алады. Доп қайда болса, Маевский сонда. «Астанаға» келе салып Маевский секілді жоғары деңгейде ойнап кеткендер өте аз. Ол Каньясты алмастырып қана қойған жоқ, командаға жаңа леп әкелді. Креатив қосты, тұрақтылық сыйлады.

Абдулай Диакате («Ордабасы», жартылай қорғаушы). Керек десеңіз қорғаушы да болады, шабуылшы да болады. Бірақ оның мінсіз атқаратын алаңдағы міндеті – жартылай қорғаушы. «Ордабасы» сапында жарқылдап жүрген ойыншылар көп. Бірақ Сенегал ойыншысы секілді тұрақты ойнайтын, ұдайы жоғары деңгейде өнер көрсететін кәсіби ешкім жоқ. Ол команданың өзегі, ол – команданың негізгі қозғаушы күші. 
Бауыржан Исламхан («Қайрат», шабуылдаушы, жартылай қорғаушы). «Қайратты» Ис­лам­хансыз елестету мүм­кін емес. ҚПЛ аясында 27 ойында 11 гол соқты. Өткен маусыммен салыс­тыр­­ғанда азырақ, бірақ Исламханның алаңдағы функциясы да көбейді. Жарақат алып, ол үшін өте қиын жыл өтті. 

Патрик Твумаси («Астана», шабуылдаушы, жартылай қорғаушы).  Үздіктердің қатарына ганалық желаяқты қоспасақ болмайды. Ол тек желаяқ емес, нағыз гол соққыш ойыншы. УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінде сұрмергендер тізімінде үшінші орында тұр. ҚПЛ аясында да 13 гол соғып, бұрынғыдан әлдеқайда ілгері нәтиже көрсетіп отыр. Гана ұлттық құрамасына шақырылып, дебютті матчын да өткізіп үлгерді. 

Джуниор Кабананга («Астана», шабуылшы). Кабананга биыл өсті. Таңдаулы шабуылшыға айналды. Былтыр 9 гол соққан ойыншы биыл ҚПЛ-да 19 гол соқты. Осы санның өзі Кабананганың дәрежесін көрсетіп тұр. Кабананганың голдарының бәрі маңызды, шешуші болды. 

Жерар Гоу («Қайрат», шабуылшы). Осымен үшінші жыл қатарынан Жерар Гоу жиырмадан асырып гол соғып жүр. Әзірге алдына жан салмай келеді. 2015 жылы 22 гол, 2016 жы­лы 22 гол, биыл 24 гол соқты.  Жоқ жерден гол салады. Әсіресе, ма­ңызды матчтарда арқаланып кетеді. 
Станимир Стойлов («Астана» бапкер). Қай команда чемпион атанса, сол команданың бапкері мықты. Бапкерсіз ештеңе де бұйырмайды. Стойлов тек республика деңгейінде емес, Еуропада бағаланатын бапкер. Сондықтан бұл жерде талас бол­мауы тиіс. 

Жандос БАЙДІЛДА, 
журналист